КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫ
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ - ӨМІРІҢІЗДІҢ БІР КІРПІШІН ДҰРЫС ҚАЛАУ.
«Адам өз өміріне екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек: біреуі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау»
М. Мақатаев
Мамандық таңдау – жасөспірім кездегі адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес.
Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат.
Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашан да адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн. Жаһанда өзінің сұранысын, қызығушылығын жоймаған кең тараған мамандықтарға - медицина мамандықтары жатады десем, қате айтпағаным болар?!
Ал, нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы медициналық мамандарды дайындауда КМҚК «Балқаш қаласының медициналық колледжі» алдыңғы қатарлы орынды алатынын бүгінгі күнде колледжіміздің түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәлелдеуде. Колледжде кәсіби бағдар жүргізу тәжірибем бойынша, мен талапкерлерді 9 сыныптан бастап әлеуметтендіру үрдісіне ерекше мән беремін.
Әлеуметтену - адамның қоғамда сәтті жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін мінез-құлық үлгілерін, психологиялық көзқарастарды, әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды, білім мен дағдыларды игеру процесі.
Мақсатты түрде кәсіби әлеуметтену кәсіптік оқу орындарында (ЖОО-да, колледжде және т.б.) басталып, жұмыс орнында жалғасады. Алайда, кәсіби әлеуметтенудің негізі ертерек қаланған, оны алғашқы еңбек әлеуметтенуі деп санауға болады, оның негіздері мектепте қалыптасқан. Осыған байланысты мектепте оқушылардың мамандықты дұрыс таңдау құндылығын, оларды оқуға деген ынтасын қалыптастыру қажет. Бұл үрдіс жасөспірімдердің 12-13 жасында бастау алған дұрыс деп есептеймін. Оның үстіне, қазіргі әлеуметтік-экономикалық қатаң бәсекелестік, жұмыссыздықтың өршуі, халық табысының төмендеуі, нарықтың жаһандануы жағдайында өз даму «трендін» дұрыс таңдау барған сайын өзекті бола түсуде.
Әлеуметтену процесінде адамның әлеуметтік тәжірибені игеруі жүреді, оның барысында тұлға қалыптасады. Әр адамның әлеуметтік сапасы мұрагерлік бойынша берілмейді, ол индивидумның өзара сыртқы ортамен байланысы, қатынас құруы салдарынан қалыптасады. Жасөспірімнің әлеуметтенуі отбасының, қоршаған ортаның, құрдастарының, мектептің және бұқаралық ақпарат құралдарының әсерінен жинақталады.
Оқушыларға кәсіптік бағдар берудің маңыздылығы өз болашағын таңдауда қателікке бой алдырмау. Мамандықты таңдау көбінесе адамның бейімділігінен тыс факторлармен анықталады: оқу орнының беделі, таныстардың сол оқу орнында болуы, ата-аналардың экономиканың белгілі бір саласындағы мүмкіндіктері, әскерден жалтару және т. б.
Адамдардың шамамен 40% - ы оқу орнын бітіргеннен кейін екі жыл ішінде өз кәсібін өзгертеді, ал 80% - ы дипломда көрсетілген мамандық бойынша жұмыс істемейді екен.
Кәсіптік бағдарлау екі әдісті қамтиды:
- ақпараттық
- диагностикалық
Екінші әдісте жасөспірімге осы қиын таңдауды жасауға көмектесетін бірқатар сынақтарды таңдау және жүргізу қажет.
Себебі, буыны қатайып, келешегіне инвестиция болатын қоректі алуға дайын тұрған жастарымызға кәсіби дұрыс бағыт беру арқылы рухани және материалдық тұрғыдан даму жолын ұсыну – басты міндетіміз деп санаймыз!
Кәсіптік бағдар беру (кәсіптік бағдарлау) – бұл жеке тұлғаның мамандықты саналы түрде таңдауға дайындығын уақтылы қалыптастыруға ықпал ететін процесс.
Адамның субъективті тілектерінің қоғам қажеттіліктерімен барынша сәйкес келуі-кәсіби бағдар берудің бүкіл жүйесінің міндеті.
Сонымен, мектепте жүргізілетін кәсіби бағдарлау жүйесі жасөспірімде жеке басының ерекшеліктері мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне оңтайлы сәйкес келетін кәсіби қызмет саласын таңдау қабілетін қалыптастыру керек.
Бұл жағдайда жоғарғы курс студенттерінің білім алып жатқан кәсіби қызметі туралы нақты идеяларын, кәсіби маңызды қасиеттердің оңтайлы дамуы туралы өз мүмкіндіктері мен бейімділіктерін назарға алу мәселесі ерекше маңызды.
Оқу-тәрбие үрдісіндегі кәсіптік бағдар беру мектеп оқушыларының ішкі психологиялық ресурстарын жандандыруға бағытталуы керек, осылайша олар кәсіби қызметте өздерін толықтай көрсетіп, ойындағысын жүзеге асыра алады. Бірақ бұндай жағдайда олардың жеке психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет.
Кәсіби бағдарлауды зерттеудегі маңызды ұғым - темперамент. Темперамент дегеніміз нерв жүйесінің физиологиялық негізгі типі бар және адамның психикалық белсенділігінің динамикасын сипаттайтын жеке тұлға ретіндегі ерекшеліктерінің жиынтығы.
Талапкердің таңдаған мамандығын сәтті меңгеруі және оны өзге мамандықтардан табыстылығы ең жоғары қызмет түрінде жоғарғы деңгейге көтере алуы оның темпераментіне тәуелді. Осы жағдайды кәсіптік бағдар бергенде міндетті түрде есепке алу қажет.
"Балқаш қаласының медициналық колледжі" КМҚК кәсіптік бағдар беру жұмысы қала және облыс мектептері, білім беру мекемелері, емдеу-алдын алу мекемелері мен дәріханалары арасындағы тұрақты байланыстарды ұйымдастыруға, талапкерлердің медициналық мамандықтар мен кәсіптерді игеруге деген қызығушылығын оқушылардың жекелеген ерекшеліктерін ескере отырып дамытуға бағытталған. Бұл болашақта түлектердің тиісті кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға, олардың дайындық сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.
Өздеріңіз білетіндей, медицина ұзақ ғасырлар бойы негізінен «өнер» болып саналды және тек қана практикалық тәжірибе мен халық емшілерінің түйсігіне сүйенетін сала еді. Кейін ол бірте-бірте биология, генетика, химия, физика және басқа да көптеген нақты ғылымдардың жетістіктерін қолдана отырып, күрделі ғылымға айналды.
Медициналық мамандықты игеру - жалпы және терең арнайы дайындықты қажет етеді. Сонымен қатар, дәрігерлерден ерекше жеке қасиеттер талап етіледі, онсыз медициналық тәжірибемен айналысу өте қиын болады. Мұнда да темпераменттің рөлі айтпаса да түсінікті.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы білім беру қызметтері нарығын дамытудың әзірленген бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
Медициналық колледжде кәсіптік бағдар берудің мақсаттары мен міндеттері:
- білім алушылардың қалыптасуы мен кәсіби даярлығы.
- жастар арасында кәсіптік бағдар беру бойынша колледждің педагогикалық құрамы мен студенттерін тарта отырып олардың клиникалық ойлау мүмкіндіктерінің мейлінше толық ашылуына жағдай жасау.
- Колледждің болашақ студенттерінің қалыптасуын зерттеу мен болжау;
- Колледждің білім беру қызметі деңгейін насихаттау;
- Колледждің кәсіптік бағдар беру жұмысы жүйесін құру;
- Мектеп оқушыларымен үнемі байланысты қалыптастыру мен нығайту;
- Мектеп оқушылары арасынан неғұрлым талантты түлектерді колледжге таңдау және даярлау (олимпиадалар өткізу).
Колледждегі кәсіптік бағдар беру жұмысына құрамы колледж директорының бұйрығымен бекітілетін кәсіптік бағдар беру жұмысы жөніндегі Комиссия басшылық етеді.
Кәсіптік бағдар беру жұмысының жоспарына сәйкес колледждің педагогикалық қызметкерлері:
* білім беру ұйымдарының білім алушыларымен әңгімелесулер мен кездесулер ұйымдастырады және өткізеді;
* колледж туралы ақпараттық материалдарды таратады: анықтамалар, буклеттер және т. б.;
* пәндік аймақтық, қалалық олимпиадаларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады;
* колледжішілік ашық есік күндерін ұйымдастырып, кәсіптер жәрмеңкесін ұйымдастыруға қатысады;
* мамандықтардың апталықтарын өткізеді;
* кәсіптік бағдарлаудың тиімді әдістері мен құралдарын енгізеді;
* пікір-сайыс турнирлерін өткізеді;
* мамандық таңдау туралы ақпараттандыру мақсатында мектептерде өткізілетін ата-аналар жиналыстарына қатысады.
Өз кезегінде аталмыш іс-шараларды ұйымдастыру үшін колледж қаламыздың және қала аумағынан тыс орналасқан елді-мекендердің жалпы білім беретін мектептерімен тығыз қарым-қатынаста екенін атап өткен жөн.
Жыл сайын «мейіргер ісі», «емдеу ісі», «лабораториялық диагностика», «стоматология» және «фармация» мамандықтары бойынша мектеп оқушыларына кәсіби сынамалар жүргізіледі. Дәстүрлі түрде жалпы білім беру, жалпы кәсіптік және арнайы пәндер оқытушыларының ұйымдастырылуымен презентациялық апталықтар өткізіледі. Мұнда мектеп оқушылары колледж студенттерінің таныстыруында әртүрлі мамандықтар туралы өздеріне қажетті толық ақпаратты ала алды.
Әр мектептің әлеуметтену ерекшеліктерін ескеріп, түрлі интеллектуалды ойындар, презентациялық, шығармашылық кештер, дебаттық турнирлер, сайыстар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Студенттердің кәсіби шеберліктерін сынау арқылы колледжіміздің үздік түлегін анықтау мақсатында ауқымды «Үздік колледж түлегі - 2022» сайысына қонақ ретінде мектеп оқушылары шақырылады.
Осы жылдың Наурыз айында мектеп оқушыларына «Фармация» мамандығын кеңінен таныту, "Балқаш қаласының медициналық колледжі" КМҚКның 70 жылдығын мерекелеу, "Бизнестің жол картасы - 2025" Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және колледждің арнайы пәндер презентациялық апталығы аясында «Pharmaceutical Business Project» қалалық болашақ кәсіпкерлер сайысы өткізілді. Сайыста мектеп оқушылары мен колледж студенттері үздік фармацевтикалық бизнес жоба қорғау бойынша өзара бақ сынасып, үздіктер анықталды.
Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру мақсатында «Мектеп күндері» оқытушыларымыз қаламыздың орта білім беру мекемелерінде мастер-класстар өткізетін «MasterStar» клубының орны бөлек.
Оқушылардың естерінде ерекше сақталып қалған «Медицинадағы кальмар ойыны» спорттық-интеллектуалды ойыны әлемге әйгілі болған фильмнің желісіне сәйкестендіріп ұйымдастырылған бұл ойын медицина мамандығына қатысты қызықты тапсырмалардан құралып, оқушылардың қызығушылықтарын туғызды.
«Мамандықтар жәрмеңкесіне» біздің колледждің оқытушылары мен бітіруші түлектері белсенді түрде қатысып, жүрек жеткіліксіздігінде шұғыл алғашқы көмек көрсетуде шеберліктерін көрсетеді.
Осындай толқында колледжімізде медицина мамандықтарының маңыздылығы мен артықшылықтарын дәріптеп, бітіруші түлектердің адаспай білім алатын Ордасын ғана емес, өмір сүретін ортасын дұрыс таңдауына көмек ретінде кәсіби бағыт бағдар беру жұмыстары жүргізілуде.
Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес.
Адам өзінің болашақ кәсібіне әртүрлі жолдар мен келеді. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң т. б.
Кәсіби бағдар берудегі басты ұстаным – білім алатын оқу ордасын, жұмыс жасайтын мамандық түрін талапкерлерге жүрекпен таңдап келулеріне ықпал ету, мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өмірінің бір кірпішін дұрыс қалауына бағыттау!